Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қазақстан халқына Жолдауы, Астана қ., 2007 жылғы 28 ақпан

ЖАҢА ӘЛЕМДЕГI ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН
Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қазақстан халқына Жолдауы, Астана қ., 2007 жылғы 28 ақпан

 

Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың
Қазақстан халқына Жолдауы
ЖАҢА ӘЛЕМДЕГI ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН
I БӨЛIМ
I. "ҚАЗАҚСТАН-2030" СТРАТЕГИЯСЫНЫҢ 10 ЖЫЛДЫҒЫ - ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКА МЕН ӨЗ МЕМЛЕКЕТТIЛIГIНIҢ БЕРIК IРГЕТАСЫН ҚҰРА ОТЫРЫП, ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢIНЕ СЕНIМДI ҚАДАМ БАСУДА
II. ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӨМIР САПАСЫНЫҢ АРТУЫ
III. ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢI - ЖАН-ЖАҚТЫ ЖАҢҒЫРТУДЫ ЖЕДЕЛДЕТУ
IV. БӘСЕКЕГЕ ҚАБIЛЕТТIЛIК - ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЛЕМДIК ЭКОНОМИКА МЕН ҚОҒАМДАСТЫҚҚА ТАБЫСТЫ КIРIГУIНIҢ КIЛТI
V. ЖАҢА КЕЗЕҢНIҢ НЕГIЗГI МIНДЕТТЕРI
VI. ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМ МЕН САЯСИ ЕРIК-ЖIГЕР - ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУДЫҢ АСА МАҢЫЗДЫ ФАКТОРЛАРЫ

I. "ҚАЗАҚСТАН-2030" СТРАТЕГИЯСЫНЫҢ 10 ЖЫЛДЫҒЫ - ҚАЗАҚСТАН
ЭКОНОМИКА МЕН ӨЗ МЕМЛЕКЕТТIЛIГIНIҢ БЕРIК IРГЕТАСЫН ҚҰРА
ОТЫРЫП, ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢIНЕ СЕНIМДI ҚАДАМ БАСУДА
Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметтi депутаттар мен Үкiмет мүшелерi!
Ханымдар мен мырзалар!
Тәуелсiздiк алған алғашқы күннен бастап бiз сiздермен бiрге дәйектiлiкпен құрып жатқан Жаңа Қазақстан өзiнiң дербес даму жолын таңдап, жылдан жылға әлемдiк қоғамдастықта барған сайын зор құрмет пен беделге қол жеткiзе отырып, алға қарай нық сенiммен iлгерiлеп келедi.
Бүгiнде экономика мен өз мемлекеттiлiгiмiздiң берiк iргетасын қамтамасыз етiп, бiз қағидаттық жаңа кезеңге сенiмдi қадам бастық. Мұның өзi Қазақстанның одан әрi дамуын тұрлаулы, осы заманғы және болашағы зор экономикалық, әлеуметтiк, саяси және әкiмшiлiк негiзге қоюға мүмкiндiк бередi.
Бүгiн мен сiздерге елiмiз бен қоғамымыздың одан әрi дамуы жайындағы өз пайымымды баяндамақпын. Ойға алғанымызды орындау Қазақстанның шын мәнiнде тарихи ауқымдағы аршынды самғау жасауына мүмкiндiк туғызады.
Әңгiме елiмiздiң әлемдегi бәсекеге қабiлеттi елу елдiң клубына қарай iлгерiлеуi жөнiндегi нақты қадамдары туралы болмақ, бұл жайында алдыңғы Жолдауда да айтылған едi.
1997 жылы сiздер мен ұсынған Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму Стратегиясын қолдадыңыздар, онда бiздiң қоғамның келешек мүмкiндiктерi мен бiздiң мемлекеттiң ұлық мұратына деген көзқарас таныстырылған болатын.
Бұл әлi қанаты қатая қоймаған жас тәуелсiз мемлекеттiң ұлы таңдауы едi. Сол кезде осы Стратегия турасында күмән аз бола қоймағанын бiлемiн.
Сол уақытта, естерiңiзде болар, бiздiң жинақтаған қорымыз негiзiнен зiлбатпан әлеуметтiк-экономикалық проблемалардан және егемендi даму мен либералдық реформалардың азын-аулақ алғашқы тәжiрибелерiнен ғана тұратын.
Сол тұста, 10 жыл бұрын, бiз өз таңдауымызда қателескен жоқпыз.
Нақ сол уақыттан Қазақстан нарықтық экономиканың теоремалары мен демократиялық дамудың аксиомаларын бiрiнен кейiн бiрiн игере отырып, дәйектiлiкпен iлгерi адымдай бастады.
Бiз мүлдем жаңа экономикалық жүйенiң, демократиялық құқықтық мемлекеттiң iргетасын қалыптастырып, осы заманғы қоғамдық институттарды нығайттық, өмiр сапасы мен ұстындарын елеулi түрде өзгерттiк.
Бiз iшкi тұрақтылыққа қол жеткiздiк, дамудың әлеуметтiк базасының сенiмдiлiгiн қамтамасыз етiп, өңiрдегi үздiк экономиканы құрдық. Қазақстан өңiрде геосаяси тұрақтылық пен халықаралық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi маңызды мiндеттердi атқаратын халықаралық қоғамдастықтың толыққанды және жауапты мүшесi ретiнде орнықты.
Бiз үшiншi дүниенiң мемлекетi болуды қойдық. Бұл өткен 10 жылдағы жұмысымыздың басты қорытындысы.
Ендi келесi онжылдықтағы одан арғы жұмысымызды белгiлеп бергiм келедi.
II. ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӨМIР САПАСЫНЫҢ АРТУЫ
2000 жылға қарағанда IЖӨ-нi еселеу жөнiндегi бiздiң мiндетiмiзге келесi жылы-ақ қол жеткiзуге әбден болады. Бұл - тар өрiстi мақсат емес, экономикалық өсудiң жай нанымды көрсеткiшi де емес, бұл - қазақстандықтардың өмiрiн жақсарта берудiң бiздегi нақты мүмкiндiктер.
Өткен жылдары бiз көптеген аса маңызды әлеуметтiк мiндеттердi шеше алғанымызды сiздер бiлесiздер, олардың өмiр сапасын жақсартқаны сөзсiз.
Бiз оқып жатқандардың шәкiртақысын ұлғайттық, оларға бiлiм алу гранттары мен несиелерiн бердiк. Бюджет саласының қызметкерлерi мен мемлекеттiк қызметшiлердiң жалақысын дәйектiлiкпен өсiрiп келемiз. Аз қамтылған отбасыларына 18 жасқа дейiнгi балалары үшiн ай сайынғы жәрдемақы, сондай-ақ көп балалы аналарға арнаулы мемлекеттiк жәрдемақы төлеудемiз. Балалар мен жасөспiрiмдердiң белгiлi бiр санаттарын тегiн дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесi шешiлуде.
Жыл сайын зейнеткерлiк жәрдемақылардың мөлшерi индекстелiп, арттырылуда. Бұрынғы еңбек өтiлiне байланысты зейнетақылық төлемдердi сараланған түрде ұлғайту жүзеге асырылды, бұл бiр миллионнан астам адамды қамтыды. Сондай-ақ әлеуеттi құрылымдар ардагерлерiнiң зейнетақылары өстi. Барлық зейнетақылық және әлеуметтiк төлемдер елiмiзде уақтылы - тиiстi айында төленiп келедi.
Бұрын уәде бергенiмiздей, экономиканың тұрақты дамуы бiзге қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуды жалғастыруға мүмкiндiк бередi. Бұл - бiздiң саясатымыздың әлеуметтiк қорытындылары.
Мен бүгiн Үкiметке халқымыздың әл-ауқатын жақсарту жөнiндегi жұмысты жалғастыра берудi тапсырамын.
Бұл үшiн:
Бiрiншiден, ана мен баланы әлеуметтiк қорғауға айрықша маңыз бере отырып, 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап, баланың тууына байланысты бiржолғы мемлекеттiк жәрдемақы мөлшерi 34740 теңгеге дейiн немесе 2 есе арттырылсын.
Баланы бiр жасқа толғанға дейiн күтуге төленетiн ай сайынғы жәрдемақы:
тұңғыш бала туғанда - 5790 теңгеге дейiн, немесе 177%-ға;
екiншi бала туғанда - 6369 теңгеге дейiн, немесе 167%-ға;
үшiншi бала туғанда - 6948 теңгеге дейiн, немесе 159%-ға;
төртiншi және одан көп бала туғанда - 7527 теңгеге дейiн, немесе 153%-ға көбейтiлсiн.
Балалы отбасыларын қолдауға қажеттi қосымша қаражат 9,5 миллиард теңгенi құрайды.
Бұдан бұрын қабылданған шаралар елiмiз халқының тұрақты өсуiне қол жеткiзуге жағдай жасады. Мәселен, 2000 жылы 220 мың бала туса, 2006 жылы 290 мың бала туған. 2005 жылы ғана халықтың табиғи өсiмi туу есебiнен 121 мың адамды құрады.
Аталған шараларды енгiзу бұдан да оң демографиялық өзгерiстерге жеткiзетiнiне сенiмдiмiн.
Екiншiден, жұмыс iстейтiн әйелдер үшiн жүктiлiктi, босануды және аналық кезiн мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру енгiзiлсiн. Бұл ретте декреттiк демалыста және бiр жасқа толғанға дейiн нәресте күтiмi жөнiндегi демалыста жүрген кезiнде олардың зейнетақылық жинақтаулары жүргiзiле беруге тиiс.
Бұл жәрдемақыларды төлеу әлеуметтiк салықты қайта бөлу есебiнен құралған Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорының қаражатынан жүзеге асырылсын. Бұған мемлекеттiк бюджеттен қосымша 9,2 миллиард теңге бөлу талап етiледi.
Үшiншiден, iргелiк зейнетақының мөлшерi ұлғайтылсын және таяудағы жылдары оның тұрмыстық ең төменгi қажеттiлiктiң 40% деңгейiнде сақталуы қамтамасыз етiлсiн. Осылайша, бiз алғаш рет Қазақстанның зейнетақымен қамтамасыз етуiн халықаралық стандарттармен сәйкестендiремiз.
Мұның өзi 1 миллион 675 мың iргелiк зейнетақы алушыларды қамтиды, әрi оның мөлшерi 2008 жылы шамамен бiр мың теңгеге немесе 35%-дан аса артады. Ең төменгi зейнетақылық төлемдер (iргелiк қосу ең төменгi ынтымақшыл зейнетақы) 2008 жылы шамамен 1 500 теңгеге немесе 15%-ға көбейедi.
Төртiншiден, зейнетақының мөлшерiн бұрынғы еңбек үлесiне сүйенiп анықтаған кезде әдiлдiк орнату үшiн зейнеттiк заңнамада көзделген зейнетақыны есептеу үшiн ескерiлетiн табысты шектеу өзгертiлсiн, ол 15 мәрте айлық есептiк көрсеткiштен 25 мәртеге дейiн арттырылсын.
Зейнетақыларды есептеу үшiн қабылданған табыстарды заңнамалық шектеу есебiнен бұрын зейнетақылары төмендетiлген жарты миллионға жуық зейнеткер (483 мың адам) өздерiнiң зейнетақыларына әжептәуiр үстеме алады.
Ынтымақшыл зейнетақының орташа мөлшерi 13 604 теңгеге немесе 25%-ға дерлiк артады. Ынтымақшыл зейнетақының ең жоғары мөлшерi 2008 жылы 21 713 теңгеге дейiн, немесе 76%-ға өседi.
Бесiншiден, зейнетақы төлемдерiн сатып алу қабiлетiн тұрақтандыру үшiн зейнетақы төлемдерiн индекстеу сақталсын және ол тұтыну бағалары индексiнiң болжамды өсiмiнен екi пайыз арттырыла жүзеге асырылсын.
Аталған шараларды жүргiзуге жұмсалатын қаражаттың жалпы қажеттiлiгi 55,3 миллиард теңгенi құрайды.
Алтыншыдан, бюджет саласындағы жалақы 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап 30% арттырылды. Бюджет саласы қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу жүйесiн одан әрi жетiлдiру жөнiндегi жұмысты жалғастыра беру қажет.
Жетiншiден, олардың мәртебесiн арттыру, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт сияқты салаларда кадрлар тарту мен кадрлық әлеуеттi нығайту үшiн 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек демалысына шыққан кезде сауықтыруға арнап, бiр лауазымдық оклады мөлшерiнде жәрдемақы төлеу енгiзiлсiн.
2008 жылы ғана бұл бюджетке 30,6 миллиард теңгеге түседi.
strong>Сегiзiншiден, бұрынғы жылдары 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн зиянды және ауыр еңбек жағдайында өтiлiн өткерген адамдарды әлеуметтiк қамсыздандыру туралы мәселе талай рет көтерiлген едi.
Кәсiпорындар жұмысшыларымен кездесулерде бұл мәселе менiң алдыма қойылды. Мен оларды түсiнемiн. Өзiм бастан кешкен жағдай. Бұрын бiз мәселенi N 1 Тiзiм бойынша шешiп келдiк. Ендiгi жерде N 2 Тiзiм бойынша шешу керек. Мұндай қазақстандықтар бiзде шамамен 28 мыңдай адам. Қазiргi кезде осы проблеманы шешуге бiздiң қайтып оралуға нақты мүмкiндiгiмiз бар деп бiлемiн.
Бiз аталған санат үшiн сегiз айлық есептi көрсеткiш мөлшерiнде арнайы жәрдемақылар енгiзе аламыз. Бұған жыл сайын 3 миллиардтан аса теңге қажет болады. Осындай қаражат тауып, 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап N 2 Тiзiм бойынша арнайы жәрдемақылардың төленуiн қамтамасыз ету қажет.
Осылайша, мен атап берген барлық әлеуметтiк төлемдердi көбейтуге жұмсалатын қаражатқа қажеттiлiк 2008 жылы шамамен 108 миллиард теңгенi құрайды.
Бүгiнгi таңда мемлекеттiң қазақстандықтарды әлеуметтiк қамсыздандыруды жақсарту үшiн осындай үлкен қаражат жұмсау мүмкiндiгi пайда болды. Ендеше бiз бұл мүмкiндiктi iске асырамыз.
Тоғызыншыдан, үш жылдың iшiнде 100 мектеп пен 100 аурухана елiмiздiң нақ осындай нысандарға мұқтаж болып отырған өңiрлерiнде салуды тапсырамын. Әлеуметтiк инфрақұрылымды дамытуды бiз стратегиялық мiндет дәрежесiне көтеруге тиiспiз. Бiз мемлекеттiк-жеке меншiк әрiптестiгiнiң көмегiмен әлеуметтiк-инфрақұрылымдық даму тетiгiн қалыптастыру қажеттiгiне жеттiк деп бiлемiн.
III. ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢI - ЖАН-ЖАҚТЫ ЖАҢҒЫРТУДЫ
ЖЕДЕЛДЕТУ
"Қазақстан-2030" Стратегиясын дәйектiлiкпен орындау өзiмiздiң алдағы iлгерiлеуiмiз үшiн берiк негiздi қамтамасыз еттi. Бiзде бұрынғыдан да табыстырақ алға басуымыз үшiн барлық негiз бар, бiз мұндай тарихи мүмкiндiктi уысымыздан шығармайтын боламыз.
Сол үшiн де Қазақстанды жеделдете жан-жақты жаңғырта жаңарту жолы таңдап алынды.
Бұл - бiздiң бұдан былайғы дамуымыздың бiрден-бiр дұрыс арнасы.
Бiз осы заманғы әлемде Қазақстанға және қазақстандықтарға лайықты орын, бүкiл ел халқының әл-ауқатының өсуi мен тұрмыс деңгейiнiң елеулi жақсаруын қамтамасыз ету үшiн сыртқы рыноктарға шығып, сенiмдi орнығуға мiндеттiмiз.
Бұл жолда Қазақстан мен өңiрдiң нақты жағдайын ескерiп, әрi әлемнiң озық мемлекеттерiнiң жетiстiктерiн өзiмiзде iске асыра отырып, бiздiң:
Бiрiншiден, қандай да бiр табыстарға қолымыз жетiп үлгерген секторларды жаңғырта жаңарту қарқынын жеделдете түсуiмiз қажет;
Екiншiден, жаңғырта жаңартуды ешқандай алалаусыз Қазақстан экономикасы мен әлеуметтiк өмiрiнiң барлық салаларына тарату керек.
IV. БӘСЕКЕГЕ ҚАБIЛЕТТIЛIК - ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЛЕМДIК ЭКОНОМИКА
МЕН ҚОҒАМДАСТЫҚҚА ТАБЫСТЫ КIРIГУIНIҢ КIЛТI
Сондықтан да өткен жылдың өзiнде бiз жалпы қазақстандық жобамызды тұжырымдап, оны iске асыруды қолға алған болатынбыз. Бұл - бiздiң әлемнiң бәсекеге барынша қабiлеттi елу елiнiң қоғамдастығына қарай жедел жылжуымыз және оның тұрақты мүшесi ретiнде Қазақстанның тұғырнамасын нығайту.
Және мұның қажеттi шарты - Қазақстан тауарлары мен қызметтерiнiң озық халықаралық стандарттардың сапалық деңгейiне шығуы.
Бiрақ бұл жеткiлiксiз. Бiзге экономиканың барлық деңгейiнде - бүгiнгi де, сол секiлдi ықтимал мүмкiн болатын нақты да перспективалы бәсекелестiк артықшылықтарымызды қажеттiлiкпен әрi сарабдалдықпен анықтауға және пайдалануға тура келедi.
Жүйелiлiк - бiздiң осы заманғы әлемде таяудағы онжылдықта алға жедел жылжуымыздың басты қағидасы, мiне, осы.
Бұл үшiн бiзде барлық алғышарттар бар.
Бiздiң иелiгiмiзде: орасан зор аумақ ұтымды географиялық және коммуникациялық-көлiктiк орналасуымыз; елеулi табиғи ресурстарымыз бар.
Бiз өңiрлiк экономикада көшбасшылық шептерге шықтық, халықаралық әрiптестерiмiзбен сындарлы қатынастар орнаттық, саяси және әлеуметтiк-экономикалық тұрақтылыққа қол жеткiздiк.
V. ЖАҢА КЕЗЕҢНIҢ НЕГIЗГI МIНДЕТТЕРI
Қазақстан әлемдiк тауарлар, қызметтер, еңбек ресурстары, капитал, осы заманғы идеялар мен технологиялар рыногының шын мәнiнде ажырағысыз да серпiндi бөлiгiне айналуы үшiн бiз он басты мiндеттi шешуге тиiспiз.
Бiрiншi мiндет - экономиканың тұрлаулы дамуын жай қамтамасыз етiп, ұстап тұру емес, оның өсуiн басқару.
Бiзге экономиканың бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң тұрлаулы сипатын қамтамасыз ету үшiн толымды стратегия әзiрлеу мен iске асыру, сондай-ақ оның орындалуына қатаң бақылау қажет болады.
Бұл стратегия бiздiң экономикамыздың жекелеген секторлары мен өндiрiстерiнiң нақтылы бәсекелестiк артықшылықтарын негiзге алып, әлемдiк даму үрдiстерi мен сыртқы рыноктардағы сұранысты ескеруге тиiс.
Бiзге ендiгi жерде "жинақталған" экономикалық өсудi жай пайдалану емес, осы өсудi нақты басқаруды үйрену, сөйтiп оны сапалық жаңа деңгейдегi экономикалық дамуға ұластыру керек.
Бiз Қазақстанды индустрияландыруға халықаралық рыноктардың талаптары мен шарттарына сай келетiндей қағидаттық жаңа тұрғыдан келудi қамтамасыз етуге тиiспiз.
Аса iрi монополистердi қайта құрылымдау мен бәсекелестiк қатынастарды дамыту есебiнен бiздiң табиғи монополиялар аясын қысқартуымыз қажет.
Экономиканың табиғи монополиялар сақталатын секторларында бiзге салалық реттегiштердiң көмегiмен тарифтiк және техникалық реттеу жөнiнде елеулi жұмыс жүргiзуге тура келедi.
Ырықтандыру жағдайында бiз қаржы жүйесiнiң тұрлаулылығы мен бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттырудың жаңа деңгейiне көтерiлуге мiндеттiмiз.
Бiздiң тиiмдi жұмыс iстейтiн қор рыногын құруымыз керек. Оның дамуы халықты өз салымдарын бағалы қағаздарға белсендi инвестициялауға тартпайынша мүмкiн емес.
Үкiметтiң халықты инвестициялық сауаттылық әлiппесiне тиiсiнше үйрету жөнiнде кең ауқымды жұмыс жүргiзуi керек.
Қазақстан үшiн қолайлы шарттармен БСҰ-ға кiруi - бiз қол жеткiзуге мiндеттi мақсат.
Бiзге халықаралық техникалық стандарттарды барынша жедел де кеңiнен енгiзу қажет.
Менiң Үкiметке беретiн ең басты тапсырмам осы. Бұл - оның тiкелей мiндетi және қоғам алдындағы жауапкершiлiгi.
Екiншi мiндет - өңiрлiк экономикада сапалық жаңа табыстарға жету және жаһандық экономикаға толыққанды қатысуды қамтамасыз ету.
Бiз Қазақстанды экономикалық дамудың "өңiрлiк локомотивiне" және оны әлемдiк экономиканың табысты "ойыншысына" айналдыра аламыз.
Бiзде әлемдiк шаруашылық жүйесiнде нақтылы қазақстандық "тауашаларды" iздестiру мен игеру, шетелдiк әрiптестермен iрi озық жобаларға қатысу, сондай-ақ бiздiң экономикамызға қатысушыларды жан-жақты және жауаптылықпен қолдау, соның iшiнде, оларға сапалы инфрақұрылымдық қызмет көрсету арқылы қолдау жөнiнде ең таяудағы және алыс болашақтағы мiндеттер бағдарламалары болуы керек.
Бұл ретте негiзгi назарды Ресей, Қытай, Орталық Азия, Каспий мен Қара теңiз өңiрлерiнiң рыноктарына шоғырландыру қажет.
ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ шеңберiндегi экономикалық ықпалдастық саудадағы басты бағдар болып қала бередi. Бiз мемлекеттердiң Еуразиялық экономикалық одағын құруға жетудi, оны бiздiң басқа көршiлерiмiздiң кiруi үшiн қолайлы етудi ұсынамыз.
Қазiргi кезде әлемдiк рыноктарда бiздiң тауарларымызға, қызметтерiмiзге және озық идеяларымызға жаңа "тауашалар" құру мен жеңiп алу үшiн жеке меншiк бизнес пен мемлекеттiң күш-жiгерiн топтастыру мәселесi қай кездегiге қарағанда да өзектi болып отыр.
Бiзге бәсекеге қабiлеттi экономика қалыптастыруда мемхолдингтердiң рөлi мен орнын айқын анықтап алу керек.
Бұл мiндеттi мемхолдингтердiң өздерiн тiкелей қатыстыра отырып, шешу жауапкершiлiгiн Үкiметке жүктеймiн.
Үшiншi мiндет - өндiрушi сектордың тиiмдiлiгiн арттыру.
Бiз алдағы уақытта да байсалды әрi өзара тиiмдi энергетикалық саясат жүргiзу ниетiндемiз.
Көмiрсутегi секторын одан әрi дамытуды, шетел мен жергiлiктi инвесторлар тартуды экономиканы әртараптандырумен тiкелей байланыстыру және жаңа келешегi мол өндiрiстер құру жөнiндегi аса маңызды мiндеттердi осы арнада шешу қажет.
Бiз Қазақстанның аса бай жер қойнауын игерiп жатқан шетелдiк әрiптестерiмiздi елдiң мүддесiне қарай нақты бетбұрыс жасап, бiздiң экономикамызды әртараптандыруға шешушi түрде қатысуға, әлбетте, нарықтық негiзде қатысуға көндiруге тиiспiз.
Үкiметке осы орайда тиiстi жұмыс жүргiзудi тапсырамын.
Бұл мәселеде бiзбен келiсетiн компаниялар бiздiң қолдауымызға ие болады. Бiз, ең алдымен, Қазақстанның ұлттық басымдықтарын негiзге аламыз.
Бұл ретте Қазақстан энергия ресурстарын берiп отырған көршiлерiмiз бен халықаралық әрiптестерiмiз мүдделерiнiң тұрақтылығын, болжамдылығын және ұзақ мерзiмдiлiгiн қамтамасыз етемiз.
Қазақстанның өңiрлiк, содан кейiнгi жерде әлемдiк энергетикалық кеңiстiктегi тұғырларын одан әрi нығайтудың толымды стратегиясын әзiрлейтiн уақыт жеттi.
Өзiмiздiң энергетикамыз бен мұнай химиясын дамытудың басты мәселесi - энергия өнiмдерiнiң қосылған құнын ұлғайту арқылы бұл секторлардың кiрiстiлiгiн көтеру. Әсiресе, мұнай химиясы, газ ресурстары, экспорттық энергия дәлiздерi сияқты басым секторларды басқару тиiмдi болуға тиiс.
Әлбетте, бұл - рынокқа қатысушылардың барлығына қойылатын, бiрақ, ең алдымен, Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi мен "Самұрық" мемхолдингiне қойылатын талаптар.
Төртiншi мiндет - өндiрiстiң шикiзаттық емес секторының дамуын, экономикалық әртараптандырылуын қамтамасыз ету өте-мөте маңызды.
Үкiметтiң экономиканың басымдықты шикiзаттық емес секторларында инвестициялық "серпiндi" жобаларды iске асыру жөнiндегi өзiнiң бас стратегиясы болуы керек.
Жаңа экономикалық жағдай мен басымдықтарды ескере отырып, Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын iске асырудың тиiмдiлiгiне баға беретiн мерзiм жеттi. Сондай-ақ индустриялық әртараптандыру жоспарларын қалыптастыру жөнiндегi талаптар мен ұсыныстарды да тұжырымдау қажет. Жекелеген жобаларды алғашқы қаржыландырудан әртараптандыруды ауқымды қаржыландыруға көшетiн мезгiл жеттi.
Бұл - шағын және орта бизнестiң белсендi қатысуы жағдайында Үкiметтiң, әкiмдердiң, мемхолдингтердiң жауапкершiлiгi.
Бесiншi мiндет - өңiрлiк және жаһандық экономикадағы өзiмiздiң жаңа рөлiмiзге сәйкес осы заманғы инфрақұрылымды дамыту.
Бiз стратегиялық инфрақұрылымның даму келешегiн айқын пайымдай бiлуiмiз және, ең алдымен, инфрақұрылымдық қызметтi тұтынушы бiздiң отандық компаниялардың бәсекелестiгiн, сондай-ақ өзiмiздiң халықаралық экономикалық ықпалдастығымыздың мүдделерiн ескере отырып, осы саладағы басқарудың сапасын едәуiр арттыруға тиiспiз.
Бiзге экономикалық өсу мен бәсекеге қабiлеттiлiктiң өңiрлiк орталықтарын айқындап алып, олардың дамуын тұтастай алғанда елiмiз экономикасының мүдделерiне бағындыру керек.
Бiздiң өскелең экономикамызға электр энергетикалық ресурстарды дамыту мен басқаруға және Қазақстанда атом энергетикасының негiздерiн қалауға деген қағидаттық жаңа көзқарастар талап етiледi.
Бұл - өңiрлер әкiмдерiнiң, Индустрия және сауда, Көлiк және коммуникациялар, Бiлiм және ғылым, Денсаулық сақтау, Энергетика және минералдық ресурстар министрлiктерiнiң, сондай-ақ мемхолдингтердiң жауапкершiлiгi.
Алтыншы мiндет - осы заманғы бiлiм беру мен кәсiптiк қайта даярлау, "парасатты экономиканың" негiздерiн қалыптастыру, жаңа технологияларды, идеялар мен көзқарастарды пайдалану, инновациялық экономиканы дамыту.
Бiлiм беру реформасы табысының басты өлшемi - тиiстi бiлiм мен бiлiк алған елiмiздiң кез келген азаматы әлемнiң кез келген елiнде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерiлу болып табылады.
Бiз бүкiл елiмiзде әлемдiк стандарттар деңгейiнде сапалы бiлiм беру қызметiне қол жеткiзуге тиiспiз.
Бiзге халықаралық стандарттар деңгейiнде оқу орындарын тiркеу мен аттестациялаудың пәрмендi жүйесiн жасау керек.
Жоғары бiлiм беру саласында дәл және инженерлiк ғылымдарды басымдықпен дамыту - бұл дамуымыздың жаңа кезеңiнiң мiндеттi шарты.
Бiз жоғары технологияларды енгiзу мен инновацияларды қолдауға бағытталған бiрыңғай мемлекеттiк стратегия жүргiзетiн боламыз.
Әлемдiк шаруашылық байланыстарына белсене кiрiккен барлық осы заманғы бақуатты мемлекеттер "парасатты экономикаға" сүйенген болатын. Ал ондай экономика жасақтау үшiн, ең алдымен, өз қарауымыздағы адами капиталымызды дамытқанымыз жөн.
Бұл да - өзiмiздiң ортақ қазақстандық жобамызға қатысушылардың баршасының, алайда, ең алдымен, Бiлiм және ғылым министрлiгi мен Индустрия және сауда министрлiгiнiң жауапкершiлiгi.
Жетiншi мiндет - атаулы әлеуметтiк қолдау және әлеуметтiк саланы нарық қағидаттары негiзiнде дамыту.
Бiз шын мәнiсiнде зәру адамдарға атаулы қолдау көрсету жөнiндегi саясатымызды жалғастыра беремiз, бiрақ оны нақты нарықтық қағидаттар негiзiнде шешемiз, бұлар:
қолжетiмдi тұрғын үй сатып алу мен жылжымайтын мүлiк рыногын дамыту мәселелерi. Мемлекеттiк тұрғын үй салуды дамыту бағдарламасын iске асырудың екi жылында 11 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй iске қосылды. 2007 жылы 7 млн. шаршы метр iске қосылады. Үш жылдың iшiнде 160 мың отбасы мен жарты миллионнан астам қазақстандық жаңа қоныстанушылар атанады. Бағдарлама 30 пайыздық озықтықпен орындалуда;
медициналық қызметтiң сапасын жақсарту және денсаулық сақтаудың жоғары технологиялық жүйесiн дамыту;
жинақтаушы зейнетақы жүйесiн жетiлдiру және жұмыс орындарын жасақтау.
Бұл үшiн мемлекет, ең алдымен, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi және Денсаулық сақтау министрлiгi жауапты болады.
Сонымен қатар Үкiметке Астананың әкiмдiгiмен бiрлесiп, елiмiздiң бас қаласында тұрғын үй құрылыс жинақтаулары жүйесi арқылы бюджет саласының қызметкерлерi үшiн жедел қарқынмен тұрғын үйлер салу мәселесiн пысықтап, қолға алуды тапсырамын.
Бұл елордамызда құрылатын қуатты медициналық және бiлiм беру кластерлерiн бiлiктi кадрлармен қамтамасыз ету үшiн қажет.
Сегiзiншi мiндет - дамуымыздың жаңа кезеңiнiң ығытына сәйкес саяси жүйемiздi жаңғырта жаңарту.
2007 жылы бiз жүйелi демократиялық реформаларды одан әрi iске асыруға кiрiсемiз.
Демократиялық реформалар бағдарламаларын әзiрлеу және нақтылау жөнiндегi мемкомиссия саяси партиялардың, қоғамдық бiрлестiктердiң, сарапшылардың ұсыныстарын, елiмiз азаматтарының пiкiрлерiн қорыта келiп, мемлекеттегi алдағы саяси жаңғыртулар жайында нақты ұсыныстар дайындады.
Маңыздысы сол, бұл ұсыныстар бөгденiң тәжiрибесiн көшiру немесе дерексiз теорияларды қайталау емес. Олар бiздiң қоғамымыздың қажеттiлiктерiн, қазақстандық нақтылықтарды ескередi. Бiзде саяси реформалардың өз моделiмiз, саяси көшудiң өзiндiк "Қазақстан жолы" қалыптасу үстiнде.
Оның ерекшелiктерi мен етене белгiлерi - президенттiк басқару жүйесiн сақтау, реформалардың кезеңдестiгi, қабылданған шешiмдердiң екшеңдiлiгi, жалпыұлттық үнқатысу мен негiзгi саяси күштердiң топтасуы.
Ұсыныстардың құқықтық ресiмделуiн қамтамасыз ету үшiн қазiрдiң өзiнде iске кiрiскен заңгерлер тобы елiмiздiң Конституциясына, сондай-ақ жекелеген заңдарына өзгерiстер енгiзу жөнiнде ұсыныстар әзiрлеуде.
Тұтастай алғанда, демократиялық реформалардың алдағы кезеңi мынадай бағыттар бойынша жүргiзiледi.
Бiрiншiден, Парламенттiң өкiлеттiгiн кеңейту.
Парламенттiң Конституциялық Кеңестi, Орталық сайлау комиссиясын, Есеп комитетiн қалыптастырудағы, сондай-ақ, тұтастай алғанда, бюджеттi бекiту мен атқарылуын бақылау мәселелерiндегi өкiлеттiктерi ұлғайтылады. Парламенттiң Үкiметтi жасақтаудағы рөлi күшейтiледi.
Екiншiден, саяси партиялардың рөлiн арттыруға бағытталған шаралар қабылданатын болады. Партиялық фракциялардың өкiлеттiктерiн кеңейту, саяси партияларды республикалық бюджеттен қаржыландыру ұсынылады.
Бiз Мәжiлiстi сайлау кезiндегi партиялық тiзiмдi кеңейту туралы мәселенi де қараудамыз.
Үшiншiден, реформалардың аса маңызды бағыттарының бiрi - сот-құқық жүйесiн жетiлдiру болады. Биылдан бастап бiз алқа билер сотын енгiземiз. Тұтқындауға құзырлылықты соттарға беру туралы қағидаттық шешiм қабылданды. Бiз бiртiндеп осы заманғы және ашық тұрпатты сот өндiрiсiне көшемiз.
Төртiншiден, жергiлiктi өкiлеттi органдарды дамыту. Бiз мәслихаттарды күшейтiп, оларға қосымша өкiлеттiктер беретiн боламыз. Мәслихаттардың тексеру комиссияларын нығайтамыз.
Уақыт өте келе аудандық мәслихаттар жергiлiктi өзiн-өзi басқаруды қалыптастырудың негiзiне айнала алады.
Саяси өзгерiстердiң бiз үшiн басты мақсаты - билiктiң бiр мезгiлде елде саяси тұрақтылықты сақтап, бiздiң азаматтардың барлық Конституциялық құқықтары мен еркiндiктерiн қамтамасыз ете отырып, қоғам мен мемлекеттi басқарудың барынша тиiмдi жүйесiн қамтамасыз ете алатын осы заманғы демократиялық пiшiнiне қарай қадам басу.
Қуатты мемлекеттiк билiк пен демократия - бiр-бiрiне кереғар емес. Демократия тек заңдылық қатаң сақталатын жерде ғана дамиды.
Мен Парламенттi, Үкiметтi және азаматтық қоғамның барлық институттарын осынау басты мақсатқа қол жеткiзуге шақырамын.
Тоғызыншы мiндет - халықаралық iс-тәжiрибенi ескерiп, әкiмшiлiк реформаны жеделдете жүргiзу.
Бiз мемлекеттiк басқарудың корпоративтiк басқару, нәтижелiлiк, ашықтық және қоғам алдындағы есептiлiгi қағидаттарын арқау ететiн сапалық жаңа моделiн түзудемiз.
Бiздiң мақсат - Үкiметтi жаңғырта жаңарту, жоғары кәсiби мемлекеттiк қызмет пен тиiмдi басқару құрылымын жасақтау. Олар болса, мемлекет көрсететiн қызметтiң басты тұтынушылары - барлық азаматтар мен бизнестiң тiкелей талаптарына бағынуға тиiс.
Осынау мiндеттi шешудiң жауапкершiлiгiн тұтастай Үкiметке жүктеймiн.
Оныншы мiндет - жаңа Қазақстанның Орталық Азия өңiрi мен әлемдiк қоғамдастықтағы жетiстiктерi мен мүмкiндiктерiн iлгерiлету.
Бүгiн бiз басқа елдермен көкейкестi проблемалардың кең ауқымын шешуде ынтымақтасып отырмыз. Бұл энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету де, өмiрлiк маңызы бар әлеуметтiк-экономикалық мәселелердi шешу де, лаңкестiкпен күрес те, iндеттер мен экологиялық апаттарға қарсы күрес те. Бiз алдағы уақытта да өңiрлiк ынтымақтастық пен халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесi ретiндегi өзiмiздiң рөлiмiз бен беделiмiздi нығайта беретiн боламыз.
Бұл - барлық саяси, экономикалық және қоғамдық басшылардың, алайда, ең алдымен, бiздiң сыртқы саяси ведомствоның жауапкершiлiгi.
Ендi бiр 10 жылдан кейiн жаңа Қазақстанды жаңа әлемде таныту үшiн бiз жаңа уақыттың өктем талабына дер кезiнде әрi лайықты үн қатуға тиiспiз.
Сондықтан да Үкiметке 2030 Стратегиясының негiзгi қағидаларын Жаңа Кезеңде дамытатын барлық жоғарыда аталған мiндеттердi дәйектiлiкпен шешудi тапсырамын.
Оларды орындау үшiн мен бiздiң iшкi және сыртқы саясатымыздың аса маңызды 30 бағытын айқындадым, бұл - Қазақстанның жаңа кезеңдегi даму стратегиясы.
Ол менiң Жолдауымның екiншi бөлiмiнде баяндалды.
Бiзге табысты билiк тармақтарының, бизнес-қауымдастықтың, академиялық және қолданбалы ғылымның, үкiметтiк емес ұйымдардың, БАҚ-тардың жұмысын осы заманғы ұйымдастыру және iс-әрекетiн нақты үйлестiру және, әлбетте, отандастарымыздың қолдауы қамтамасыз ететiн болады.
VI. ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМ МЕН САЯСИ ЕРIК-ЖIГЕР - ЖАҢА
ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУДЫҢ АСА МАҢЫЗДЫ ФАКТОРЛАРЫ
Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметтi депутаттар мен Үкiмет мүшелерi!
Ханымдар мен мырзалар!
Бiз осы таяуда ғана тәуелсiздiгiмiздiң он бес жылдығын атап өттiк. Өткен жолымыз лайықты жол болды, ал бiздiң бiрлескен шешiмдерiмiз бен тындырған iсiмiздiң нәтижелерi таңданарлықтай болды.
Мұның бәрi де, жаңа жалпықазақстандық патриотизмнiң iргетасын қалап, бiздiң Отанымыздың, бiздiң барша көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыздың, бiздiң балаларымыздың тамаша келешегi бар екенiне негiздi мақтаныш пен сенiмдiлiктi туындатады.
Тарих халық өзiнiң ерiк-жiгерiн тарихи ауқымдағы жобаларды iске асыру үшiн жұмылдырған кезде жаңа даму деңгейiне көтерiлетiнiнiң жарқын мысалын аз бiлмейдi.
Қымбатты отандастар!
Бiз бiрге болған кезде табысқа жетемiз. Сондықтан сiздерге жаңа онжылдықтың стратегиясын ұсына отырып, сiздердiң қолдау көрсететiндерiңiзге сенемiн. Және де бұл қолдау әрдайымдағыдай сенiмдi болатынын бiлемiн. Демек, бiз бiрлесiп ойға алғанды орындап шығамыз.
Назар аударғандарыңызға рахмет.
"Қазақстан - 2030" стратегиясы Қазақстан дамуының жаңа
кезеңi
Iшкi және сыртқы саясатымыздағы аса маңызды 30 серпiндi бағыт
II БӨЛIМ
I. Қазақстанды қазiр қолымызда бар мүмкiндiктердi айқындау мен пайдалану, сондай-ақ жаңа бәсекелестiк артықшылықтар қалыптастыру арқылы әлемдiк экономикаға ойдағыдай кiрiктiруге бағытталған мемлекеттiк саясат
1. Экономиканың бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң тұрлаулы сипатын қамтамасыз етуге бағытталған толымды стратегия жасау және оны iске асыру
2. Әлемдiк шаруашылық жүйесiнде қазақстанды&#