Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қазақстан халқына Жолдауы, Астана қ., 2005 жылғы 18 ақпан

Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында
Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қазақстан халқына Жолдауы, Астана қ., 2005 жылғы 18 ақпан

 

Құрметтi қазақстандықтар!
Ардақты ағайын!
1. Бiз неден бастадық?
Бiздiң өмiрiмiздi түбегейлi өзгертiп, Қазақстан тәуелсiздiкке ие болған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының тарихқа озғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Сана мен сезiмнiң шиеленiсi мен ширығуы жағынан бұл ерекше жылдар болды. Бұл бiздiң мемлекетiмiздiң алдағы жүрер жолын айқындайтын аса маңызды шешiмдер қабылданған жылдар болды, сол кезде қабылданған бiр ғана бұрыс шешiм елiмiздiң жүрер жолының бағыт-бағдарын елеулi өзгерiске ұшыратуы әбден ықтимал едi. Осы уақыттың iшiнде халық менiң елiмiзге басшылық етуiме өзiнiң шынайы сенiмiн бiлдiрдi. Мен болсам, Сiздердiң сенiмдерiңiздi ақтауға тырысып, бiздiң стратегиялық бағытымыздың негiзгi бағдарларын әр жыл сайын өздерiңiзбен бiрге саралап келемiн.
Мiне, бүгiн, араға он бес жылдай уақыт салып, мен сiздердi бiздiң бiрлесе атқарған жұмысымыздың қорытындысын шығаруға шақырып отырмын. Бiздiң мақтан тұтарлық iстерiмiз жеткiлiктi.
Бiз неден бастадық, жол басында қолымызда не болды, сол кездегi бiздiң нақты мүмкiндiктерiмiз қандай едi?
Әлеуметтiк-экономикалық және саяси ахуал шын мәнiнде сын көтермес күйде едi . Қазақстанның экономикалық және саяси мүмкiндiктерi сырттан осылай бағаланды: экономикасы әлжуаз, қазынасы бос, саяси жүйесi балаң, Кеңестер Одағы заманының Конституциясы бойынша өмiр сүрiп жатқан, одан бар болғаны белгiлi бiр әскери әлеует қана еншiлеген ел саналдық.
Былайғы дүние бiздi көзге де iлген жоқ, әлемдiк қоғамдастықты бiздiң ядролық қару-жарағымыз ғана алаңдатты.
Ендi 20-25 жылдан кейiн мемлекеттiк басқарушылардың жаңа ұрпағы "Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму Стратегиясының" қорытындысын шығарып, бiздiң әуел бастағы әлеуетiмiздi және өзгерiстердiң нәтижесiн елеп-екшер болса: "Шынымен, солай болды ма екен", - деп таң-тамаша қалары анық.
Сонда олардың бiзге қызыға қарарына көзiм әбден жетедi. Бiздiң батылдығымызға, жiгерiмiзге, қабiлетiмiзге, сайып келгенде, еркiндiгiмiзге қайран қалары анық. Өйткенi, бүгiнгi күнi бiз жасаған дүниенi рухы күштi жандар ғана жасай алатын едi.
Бiз алдымызға анық та айқын мақсат қойдық: бiз жақсы өмiр сүргiмiз келдi, бiз еркiндiкке ұмтылдық, бiз бәрiнен де бұрын балаларымыз бен немерелерiмiздiң лайықты өмiр сүруiн қаладық . Бұған сiздер мен бiздер өз ғұмырымыздың бiраз жылдарын арнадық. Еңбегiмiз еш кеткен жоқ, бiз бүгiнгiдей биiкке көтерiлдiк .
Өзiмiздiң төл теңгемiз айналысқа енген, экономикалық тәуелсiздiгiмiз аныққа шыққан 10 жыл кезеңдi алайықшы. Бұл 10 жыл - елiмiздi тұрақты еткен, экономикамызды өркендеткен төл Конституциямыздың да мүшелдi мерекесi.
2. Бiз жалпы iшкi өнiмдi екi есе ұлғайтып, бiрлесiп тағы
да бiр Қазақстан орнататындай межеге жақындадық
2.1. Бiз ойдағыдай жұмыс iстеп жатқан нарық экономикасын
құрдық
Экономиканы түпкiлiктi реформалауға бағыт ұстап, бiз қысқа мерзiмнiң iшiнде нарықтық реформаларды жүргiзе бiлдiк, тиiстi заңнамамызды жасауға қол жеткiздiк . Бүгiнгi таңда Қазақстанда нақтылы жұмыс iстеп тұрған нарықтық экономика бар.
Егер осыдан он жыл бұрын жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiмiмiз жетi жүз доллардан сәл ғана асса, 2004 жылдың соңында ол екi мың жетi жүз долларға жеттi, ендеше биылғы жылы бiздiң жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiмiмiз ендi үш мың доллардай болады деген болжамымыз бар.
Мен 2010 жылы жан басына шаққанда жалпы iшкi өнiмдi 5800 АҚШ долларынан асатын мөлшерге, яғни Чехия, Венгрия, Польша, Малайзия сияқты елдердiң бүгiнгi деңгейiне, ал 2015 жылы шамамен 9000 АҚШ доллары мөлшерiне жеткiзуге күшiмiз жетедi деп санаймын. Жалпы, сатып алу қабiлетiнiң шамасы жағынан бұл цифрларға бiз қазiрдiң өзiнде жақынбыз.
Бiз елiмiздiң жалпы iшкi өнiмiн 2000 жылмен салыстырғанда 2010 жылы екi есе ұлғайтуды жоспарласақ та, бұл көрсеткiшке 2008 жылы-ақ жететiнiмiзге сенiмiмiз мол.
Бүгiн экономикалық өсудiң негiзгi көзi елдiң шикiзат әлеуетiн пайдалану болып отыр. Көмiрсутегi шикiзатын өндiру көлемiн 1985 жылмен салыстырғанда бiз 225 пайыз ұлғайтуға қол жеткiздiк, ал былайғы дүниеде ол небәрi 1,3 есе шамасында ғана өстi.
Экономикаға 30 миллиард АҚШ долларындай тiкелей шетел инвестициясы тартылды . Бұл өте жоғары көрсеткiш. Бүгiнгi Қазақстанның тұрақты, тиiмдi әрi сенiмдi әрiптес екенi барша инвесторларға әлдеқашан аян, ақиқат.
Қазақстанның қаржы жүйесi де топжарғандар қатарында танылды , ал мұны жетекшi халықаралық сарапшылардың өздерi мойындап отыр.
Қазақстан ТМД елдерiнiң iшiнде бiрiншi болып, тұрақты әлеуметтiк-экономикалық дамуды қамтамасыз ету , сыртқы қолайсыз факторларға тәуелдi болмау үшiн Ұлттық қор құрды.
Бүгiнгi күнi Ұлттық қорда 5,3 миллиард доллар жинақталып отыр. Ұлттық қорды қоса есептегенде, елiмiздiң алтын-валюта резервтерi, тұтас алғанда, 14 млрд. АҚШ долларынан асып түстi. Осыдан 10 жыл бұрын бұл жайында армандаудың өзi қиын едi.
Бiз ашық сыртқы сауда саясатын дәйектi жүргiзiп келемiз. Айталық, 2004 жылы сыртқы сауда айналымы көлемiнiң оң сальдосы 7 миллиард доллардан асатын 33 млрд. АҚШ долларына жеттi. Бұл 1994 жылмен салыстырғанда 3 еседен астам өстi деген сөз.
Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында негiзiнен Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының ауқымымен шектелген бiздiң сыртқы саудамыздың географиясы да бiршама тарамдала түстi.
Қазақстан тауар айналымының құрылымында 2004 жылы Еуропалық одаққа мүше елдер, Ресей, Швейцария мен Қытай алғашқы орындарға шықты.
Осылайша бiз өзiмiздiң әлемдiк экономиканың бөлiнбес бөлiгiне айналып, жаhандық бәсекелестiк арнасына еркiн енгенiмiзге анық көз жеткiздiк.
2.2. Бiздiң өмiрiмiз жақсара бастады.
Бүкiл дүниежүзiлiк банктiң жiктемесi бойынша қазiргi уақытта Қазақстан кiрiсi орта деңгейдегi елдердiң тобына кiредi.
Егер өмiр сапасының негiзгi көрсеткiштерiн салыстыратын болсақ, онда соңғы 10 жылда қазақстандықтардың орташа ақшалай кiрiсi 5 есе; ал орта айлық жалақысы 6 есеге жуық ең төменгi табыс мөлшерi 25 есе; зейнетақылардың орташа айлық мөлшерi 4,6 есе; жеке тұлғалардың банктердегi депозиттерi мен бiр кiсiнiң жасайтын салымының көлемi тиiсiнше 35 және 37 есе өскенiн көремiз. Биылғы жылы кепiлдi тегiн медициналық көмек көлемiне жұмсалатын мемлекеттiң шығысы 2003 жылмен салыстырғанда 1,7 есе өстi.
Экономикамыздың қарқынды өсуi мемлекеттiк шығыстардың әлеуметтiк бағдарлануын едәуiр кеңейтуге мүмкiндiк бердi, мұның өзi экономикамыздың айтарлықтай бекемдiк деңгейiне жеткенiн айғақтайды.
Бiз айрықша қысқа мерзiмнiң iшiнде елiмiздiң дәл орталығында жаңа астанамызды тұрғыздық . Көрген жанның бәрi Астана көркiне тәнтi болып жүр. Астана қазақстандықтардың мақтанышына айналды.
2.3. Бiз тарихымызда тұңғыш рет Шығыс Азия мемлекеттерiнiң
тәжiрибесiн және өзiмiздiң көпұлтты әpi көп дiндi
қоғамымыздың ерекшелiгiн ескерiп, Батыс демократиясының
қағидаттарына сай келетiн тәуелсiз мемлекетiмiздi
орнаттық
Бiз демократия жол басы емес, алдағы мақсатымыз екенiн ешқашан естен шығарғамыз жоқ. Бiз демократияны декретпен енгiзуге болмайтынын, оны өз өзегiңнен өткiзу керек екенiн бiлдiк.
Қазақстан мемлекеттiлiгi бiржолата орнықты. Бiздiң елiмiз өз саяси дамуының үлгiсi жағынан Батыс демократиясына және әлеуметтiк iлгерiшiлдiгi мен саяси саналуандығы бүкiл әлемге танылған "жаңа" азиялық демократия дегенге де жақын.
Бiз саяси өмiрiмiздi ырықтандыру жөнiнде де айтарлықтай табыстарға жеттiк. Бұл тұста мыналарды айтсақ та жеткiлiктi:
- Қазақстанда демократиялық институттардың дамуы дәйектi жүргiзiлiп келедi; еркiн демократиялық сайлаулар үнемi өткiзiледi; тежемелiк әрi тепе-теңдiк негiзiнде билiк тармақтарының ара-жiгiн ажырату қағидаты жүзеге асырылып жатыр;
- Қазақстанда саяси саналуандық және көппартиялылық орныққан; кез келген қазақстандық кез келген қоғамдық және саяси бiрлестiкке еркiн кiре алады;
- 5 мыңнан аса үкiметтiк емес ұйымдарды қоса алғанда, азаматтық қоғам институттары мен құрылымдары жасақталып, жұмыс iстеуде;
- Қазақстанда тәуелсiз сот жүйесiнiң негiздерi қаланып, заңның үстемдiгi дәйектi қамтамасыз етiлiп келедi. Бiздiң қоғамда сот жүйесiне деген сенiм барған сайын арта түсiп отыр;
- Қазақстанда сөз бостандығы қамтамасыз етiлген, цензура жоқ мемлекеттiк емес бұқаралық ақпарат құралдары құрылып, жұмыс iстеуде. Осы орайда бұрынғы шақырылған Парламентте БАҚ еркiндiгiн шектеу әрекетi байқалғанын, сонда мен дүдәмал заң жобасына тоқтау салғанымды естерiңiзге сала кеткiм келедi, сөйтiп мемлекет өзiнiң баспасөз бостандығы жолындағы бағытының мызғымайтынын тағы да қуаттап бердi;
- Қазақстанда адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету саласында маңызды қадамдар жасалып, елеулi нәтижелерге қол жеттi; Адам құқықтары жөнiндегi Уәкiл институты құрылды; Қазақстан адам құқықтары жөнiндегi халықаралық конвенцияларға қосылды. Құрамы жөнiнен көрнектi әрi беделдi Демократия мен азаматтық қоғам мәселелерi жөнiндегi Ұлттық комиссия жұмыс iстейдi;
- Қазақстанның кез келген азаматы елден шыға да және қайтып орала да алады;
- бүгiн кез келген қазақстандықтың өзiнiң қалауына қарай қызметпен шұғылдануға құқығы бар;
- әркiмнiң өз балаларын тиiмдi деп тапқан жерлерде оқытуға құқығы бар;
- әрбiр қазақстандықтың сайлауға және сайлануға құқығы бар;
- Қазақстан дiни сенiм-наным бостандығын қамтамасыз етiп, конфессиялар аралық келiсiм мен дiни теңқұқылық саясатын дәйектi жүргiзiп келедi. Бiзде түрлi конфессиялардың бейбiт қатар өмiр сүруi қамтамасыз етiлген әрi дiни экстремизмге қарсы дәйектi күрес жүргiзiледi. Астанада өткiзiлген Әлемдiк және дәстүрлi дiндер жетекшiлерiнiң съезi елiмiздiң бiтiмгершiлiк әлеуетiнiң өсiп келе жатқанының айқын айғағына айналды;
- Қазақстанда өлiм жазасына мораторий енгiзiлген;
- бiз Қазақстанда ұйымдасқан қылмыстың буындау тамырын құрттық
- Қазақстан ТМД-да бiрiншi болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiнде заң қабылдады әрi бұл бағытта алдағы уақытта да жалғаса беретiн дәйектi жұмыс жүргiзiлiп келедi.
Осыдан 10 жыл бұрын мұның бiрi де болып көрмеген едi, ал бүгiн өмiр бойы осылай болып келе жатқан сияқты .
Осының бәрi де қуатты президенттiк билiк институтының сақталуымен ұштасып, елiмiзге өткен дәуiрдiң сарқыншақтарын еңсерiп, Достастық мемлекеттерiнiң көпшiлiгiне қарағанда, неғұрлым жоғары қарқынмен даму үшiн мүмкiндiктер туғызған шығар деп санаймын.
Сөйтiп, бiз бүгiн саяси жүйенi жаңартудың белгiлi бiр белесiне көтерiлдiк . Өткен жылы бiзге келiп қайтқан ЕҚЫҰ төрағасы Соломон Пассимен кездесуiмiз кезiнде ол: "Соңғы жылдары Қазақстанда демократиялық реформалардың айрықша iлгерi басқаны байқалып отыр", - деп атап көрсеткен едi.
2.4. Бiз Қазақстанды Орталық Aзияның көшбасшысына,
халықаралық құрметтi әрiптеске, халықаралық лаңкестiкке,
есiрткiнiң жайылуы мен ядролық қарудың таралуына қарсы
белсене күресетiн мемлекетке айналдырдық.
Бiз қаруланбау мен ядролық қарусыздану жолын таңдап алып, әлемдiк қауымдастықтың алдында өңiрлiк қауiпсiздiк факторына айналдық, Қазақстан Семей ядролық сынақ полигонын өз еркiмен жапты. Әлемдегi төртiншi ракеталық-ядролық әлеуетiнен бас тартып, күллi дүниеге үлгi көрсеттi.
Қазақстан Еуразия кеңiстiгiндегi интеграциялық процестердiң бастамашысы әрi белсендi қатысушысы болды .
Бiздiң елiмiздiң әлемдiк аренадағы есiмi Азиядағы Өзара iс-қимыл мен сенiм шаралары жөнiндегi кеңестi шақыру туралы ұсынысымен тiкелей астасып жатыр десек, асыра айтқандық емес. Өзiндiк төлтума құжат - Сенiм шараларының каталогын қабылдаған Сыртқы iстер министрлерiнiң Алматыдағы соңғы кездесуi - мен 1992 жылдың өзiнде БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында жасаған бастаманың ойдағыдай iске асуының жақсы айғағы.
Егер 1991 жылы әлемдiк қоғамдастықтың iс жүзiнде Қазақстанға қандай да бiр ықыласы аумай келсе, бүгiнгi күнi Қазақстанды әбден танып, құрметтеп отыр.
Таяуда белгiлi Ресей ғалымы, академик А. Аганбегян атап көрсеткендей "Қазақстан мен Қытай сияқты екi ел бүгiнгi таңда жоғары экономикалық даму қарқынына жетiп отыр".
2.5. Бiз қайда бара жатырмыз?
Мен жүзеге асқан бастамаларымызды баяндап бердiм. Бiз бiрлесе отырып, еркiн экономика мен ерiктi ұлт жасақтау жолында алға жылжуымызға қажеттi берiк негiз қаладық.
Қазақстан бүгiн әлемнiң ең серпiндi дамып келе жатқан елдерiнiң бiрiнен саналады, бұл да барша жұрт таныған ақиқат.
Қымбатты отандастарым! Сiздер менiң ұлттың бастаушысы болуыма сенiм жүктеп қана қойған жоқсыздар, сiздер әрдайым менiң жанымнан табылып, сөздерiңiзбен де, iстерiңiзбен де менi әрдайым қолдап отырдыңыздар, сол үшiн де мен сiздерге шын көңiлiммен ризамын.
Бiздiң болашағымызды мен өзiме қалай елестетемiн?
Елiмiздiң экономикалық және саяси дамуындағы түбегейлi жаңа кезең, Қазақстанды одан әрi жаңарту мен демократияландыру - бiздiң күн тәртiбiмiздегi мәселе осындай.
Сондықтан да алдағы уақытта менiң күш-жiгерiм:
- мемлекеттiлiктi нығайтуға, Қазақстанды осы заманғы демократиялық және құқықтық мемлекет ретiнде дамытуға;
- елiмiздегi және өңiрдегi бекем тұрақтылықты нығайтуға; өңiрлiк және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға;
- жаhандану талаптарына сәйкес экономиканы серпiндi дамытуға және шикiзаттық емес секторларды iлгерiлетуге баса ден қоя отырып, жаңа технологияларды дамытуға;
- бiлiм берудi, кәсiптiк даярлық пен әлеуметтiк саланы ХХI ғасырдың деңгейiне көтеруге;
- азаматтық қоғамды дәйектi дамыта беруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге;
- қазақ халқының моральдық және рухани құндылықтарын одан әрi дамыта беруге;
- дiни негiздегi жатсынбаушылық пен конфессиялар аралық келiсiмдi қамтамасыз етуi;
- сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске;
- лаңкестiкке, есiрткi саудасына, кез келген түрдегi экстремизмге қарсы жаһандық күреске бағытталады.
Ендiгi бiр айтқым келетiн жәйт: Қазақстан бүгiн Еуропа мен Азия арасындағы коммуникациялар легiнiң түйiскен тұсында тұр. Бiздiң мiндет - осынау бiрегей геосаяси жағдайымызды өз елiмiз бен халықаралық қоғамдастықтың мүддесi үшiн ұтымды пайдалану.
Бүгiн мен өзiмiздiң бұдан былайғы жаңғыруымызды жеделдетудiң нақтылы жоспарын ұсынғым келедi. Соған сәйкес бiз өзiмiздiң 2010 жылға дейiнгi кезеңге арналған iс-қимылымызды реттейтiн боламыз.
3. Қазақстанның жеделдетiлген экономикалық және
әлеуметтiк прогресi
Қазақстан өз азаматтары үшiн өмiр сүрудiң жоғары стандарттарын жасай отырып, әлемнiң тиiмдi дамып келе жатқан елдерiнiң қатарына қосылуға тиiс. Бiз мұны ұлтымыз бен экономикамыз бәсекеге қабiлеттi болған жағдайда ғана iстей аламыз.
3.1. Инновациялық экономика құру және шикiзаттық емес
секторды дамыту
Бiз экономиканы диверсификациялауға бағытталған Индустриялық-инновациялық стратегияны iске асыра бастадық. Бұл болашақтың бағдарламасы.
Бiз бәсекеге қабiлеттi экономиканың үлгiсiн таңдай отырып, бәсекелестiккe қарымы мол басым салаларды дамытуға кiрiстiк, сол арқылы қазақстандық кластерлер жүйесiнiң дамуына жол аштық.
Биылғы жылдың ортасына қарай бiздiң қолымызда нарықтың туризм, мұнай-газ машиналарын жасау, тамақ және тоқыма өнеркәсiбi, көлiк-логистикалық қызмет көрсету, металлургия және құрылыс материалдары сияқты салаларда кемiнде 5-7 кластерiн жасау мен дамытудың жоспары болуы керек деп санаймын. Ел экономикасының шикiзаттық емес салалардағы ұзақ мерзiмдiк мамандануын, мiне солар айқындайтын болады.
Бiз өзiмiздi жаңа технологиялар мен жаңа экономика әлемiне енгiзетiн экономикалық дамуды басқарудың түбегейлi жаңа жүйесi - Ұлттық инновациялық жүйе жасауды қолға алдық.
Индустриялық-инновациялық дамудың инфрақұрылымы қазiрдiң өзiнде қалыптасты. Мемлекеттiк даму институттарын капиталдандыру жыл басында 730 млн. АҚШ долларын құраса, инвестициялық жобалар портфелi 1 млрд. 200 млн. АҚШ долларынан асып отыр.
2004 жылы 204 инвестициялық жоба iске асырылса, соның тең жартысы даму институттарының қолдауымен жүзеге асты.
Бiздiң стратегиялық мiндетiмiз - бәсекеге қабiлеттi елдердiң қатарынан лайықты орын алу. Сондықтан да мемлекет пен жеке меншiк сектор өзара сенiм мен тиiмдiлiкке негiзделген әрiптестiк қатынастарын жолға қоюы керек.
3.2. Шағын және орта бизнес туралы
Жапония, Германия, Бельгия, Италия сияқты елдерде шағын және орта бизнес олардың барлық кәсiпорындары санының 90 пайыздан астамын құрайды, көптеген дамыған елдерде олар жалпы iшкi өнiмнiң 50 пайыздан астамын бередi.
Сондықтан да бiздiң шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытудың түбiрiнен жаңа идеологиясын түзуiмiз қажет. Бiз кәсiпкерлiк ортаның бастамашылығын iске асыру үшiн қолайлы жағдай туғызуымыз керек.
Әрбiр iскер қазақстандық осы ортаға кiрiгiп, инновациялық экономикадағы өз орнын табуға тиiс.
Қазақстандықтардың бастамашылығына кең өрiс ашу үшiн жағдай жасалды, кәсiпкерлер ендiгi жерде осы мүмкiндiктердi пайдалана бiлсе игi!
Мен өңiрлердi экономикада өршiл болуға шақырамын.
Ендiгi жерде жаңа идеологияға сәйкес заңнаманы сапалық жағынан жақсарту мiндет.
Қысқасы, сөзден iске көшетiн, мемлекеттiк кәсiпорындар мен мегахолдингтердiң, ең алдымен iрi мемлекеттiк компаниялар мен монополиялардың өздерiне үйлеспейтiн мiндеттерiн шағын және орта бизнеске беру жөнiндегi жұмысты тындыратын сәт туды. Сол арқылы бiз бизнеске тың тыныс ашамыз.
Бұл ретте бiрқатар стратегиялық маңызды мемлекеттiк компаниялар акцияларының пакеттерiн басқаруды арнайы құрылатын мемлекеттiк холдинг компаниясына беру қажет. Әлбетте бұл шараларға қарсыласу да, сөзбұйдаға салу да болмай қоймайды. Бiрақ Үкiметтiң батылдық танытып, бұл iске мықтап кiрiсетiн кезi келдi.
Келесi бiр мәселе туралы. Даму банкi мен Инвестициялық қорға барлық кәсiпкерлердiң қолы жете бермейдi. Сондықтан " Шағын кәсiпкерлiктi дамыту қоры " өзiндiк бiр " үлкен қаржылық маркетке " айналуға тиiс. Бiз Қорға биылғы жылы республикалық бюджеттен қосымша 10 млрд. теңге бөлемiз , сонда шағын бизнес субъектiлерiн кредиттеу мүмкiндiгi 25 млрд. теңгеге дейiн өседi. Биылдан бастап, банк кредиттерiне кепiлдiк беру мен сақтандыруды жүзеге асыруды қолға алу керек. Мұның өзi қомақты мемлекеттiк қолдау болмақ.
3.3. Аграрлық мәселелер
Биыл үш жылдық аграрлық азық-түлiк бағдарламасын iске асыру аяқталады. Бiз елiмiздегi аграрлық бизнестi мемлекеттiк реттеу мен қолдау жүйесiн негiзiнен қалыптастырдық. Үстiмiздегi жылы ғана ауыл шаруашылығы өндiрiсiн дамытуға республикалық бюджеттен 57,9 млрд. теңгеден аса қаржы бөлiнедi. Бұл рекордтық сан.
"Агроөнеркәсiп кешенi мен ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу туралы" заң қабылдау қажет.
Алдағы уақытта Бүкiлдүниежүзiлiк сауда ұйымына кiруiмiз, бiз бұл мәселенi талай мәрте талқылаған болатынбыз, отандық ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң бәсекеге қабылеттiлiгiне айрықша талаптар қоятын болады . Ендiгi жерде ауыл шаруашылығы шикiзатын өндiру мен өңдеу саласында кластерлiк бастамашылықты iске асыру арқылы аграрлық өндiрiстi индустрияландыруға айрықша назар аудару қажет деп санаймын. Жеке меншiк сектордың назарын нақ осыған аудару керек, сондай-ақ кредиттердi де, атап айтқанда, агроиндустриялық саясат арнасында осында тарту керек.
3.4. Қаржылық сектор мәселелерi
Қаржы секторын одан әрi дамыту үшiн қазiр құнды қағаздар нарығын дамыту мен 2005-2007 жылдары жинақтау зейнетақы жүйесiн дамыту бағдарламалары қабылданды. Ендi тек жұмыс iстеу керек.
Банктердiң қызметi ашықтықтың айтулы өнегесi болуға тиiс. Ең алдымен, мұның меншiк құрылымы мен аффилирленген тұлғалар туралы мәлiметтерге қатысы бар. Банк қабылдайтын шешiмдерге елеулi ықпалы бар барлық тұлғалар уәкiлеттi органның келiсiмiн ала отырып, өздерiнiң мәртебесiн нақтылай түсулерi керек. Банктердiң инвестициялық қызметiне қойылатын талаптарды топтасу негiзiнде ретке келтiру қажет. Аффилирленген тұлғалармен жасалатын мәмiлелер банктердi тәуекелге барғызбауы шарт. Қаржылық қадағалау агенттiгiнiң бұл жұмысты батыл жүргiзуi мiндет.
3.5. XXI ғасыр деңгейiнде бiлiм беру мен кәсiптiк даярлау
XXI ғасырда бiлiмiн дамыта алмаған елдiң тығырыққа тiрелерi анық. Бiздiң болашақтың жоғары технологиялық және ғылыми қамтымды өндiрiстерi үшiн кадрлар қорын жасақтауымыз қажет. Осы заманғы бiлiм беру жүйесiнсiз әрi алысты барлап, кең ауқымда ойлай бiлетiн осы заманғы басқарушыларсыз бiз инновациялық экономика құра алмаймыз.
Демек, барлық деңгейдегi техникалық және кәсiптiк бiлiм берудi дамытуға бағытталған тиiстi шаралар қолдануымыз шарт.
Қазақстан жоғары оқу орындарының мiндетi - әлемдiк стандарттар деңгейiнде бiлiм беру. Ал жетекшi оқу орындарының дипломдары күллi әлемде танылуға тиiс. Олар мұны iстеуге мiндеттi.
Бiздiң әрбiр қазақстандықтың жоғары бiлiм алуына нақтылы кепiлдiк беруiмiз керек.
Студенттердiң оқуын бюджеттен қаржыландырудың бiрыңғай жүйесiн құру мақсатында Үкiметке бiлiм беру кредиттерiнiң есебiнен бiлiм беруге арналған кредиттердiң мөлшерiн 50 пайызға арттыруды тапсырамын.
Сонымен бiр мезгiлде осы аталған кредиттердiң қайтарылуына мемлекеттiң кепiлдiгiн берудi қамтамасыз ете отырып, екiншi деңгейдегi банктер арқылы студенттерге кредит бөлудiң осы заманғы жүйесiн жасау керек.
Үкiметтiң каникул кездерiнде студенттерге тұрғын үйлер тұрғызатын құрылыс отрядтарында жұмыс беру, елiмiздi көгалдандырудың "Жасыл ел" бағдарламасын өрiстетiп, бұл игiлiктi iске студенттердi қатыстыру мәселесiн нақтылы қарауы мiндет.
Ендi оқытушылар жайында . Олардың проблемалары да бiзге жақсы мәлiм, бұл проблемалар шешiлiп те жатыр, алайда бәрiн бiр сәтте шешiп тастау да мүмкiн емес. Бiлiм және ғылым министрлiгi Жоғары оқу орындарының ассоциациясымен бiрлесiп, профессор-оқытушылар құрамына қолдау көрсету жүйесiн ойластырғаны жөн. Айталық, қазiрдiң өзiнде кез келген шетелге тәжiрибеден өтуге баруды қарастыратын әрi бiр жыл бойы ғылыми зерттеулер жүргiзуге берiлетiн гранттың мәртебесiне ие "Үздiк оқытушы" мемлекеттiк стипендиясын тағайындауға болар едi.
Менiң тапсырмам бойынша биылғы жылы Қазақ Ұлттық университетi мен Еуразия ұлттық университетiне 20 шетелдiк оқытушы кеңесшiлер тарту үшiн 2 млн. доллар бөлiндi. Ендеше Батысқа танымал өзiмiздiң үздiк мамандарымызды дәл осылайша неге марапаттамасқа!
Өзiмiз зәру болып жүрген әрi кадрларды сырттан шақыруға мәжбүр етiп отырған техникалық мамандықтарды бiрiншi кезекте дамыту керек деп санаймын.
Бәрi де мектептен басталады. Сондықтан бiздiң 2008 жылдан бастап 12 жылдық жалпы орта бiлiм беруге көшiп, педагогтардың кәсiптiк деңгейiн, оқулықтар мен бiлiм беру бағдарламаларының сапасын арттыруымыз керек.
Бiз мұғалiм мамандығының беделi мен абыройын қайтаруға мiндеттiмiз.
3.6. Ана, бала, аға ұрпақ
Бiздiң стратегиямыздың маңызды мәселесi - қоғамның ең бiр әлсiз қорғалған мүшелерiнiң - балалардың, олардың аналарының және аға ұрпақтың өмiрiн лайықты қамтамасыз ету. Мемлекет бұл мәселелердi шешу үшiн қаражат аямайтын болады . Бiз балалар мен жүктi әйелдердi дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ету жөнiнде нақтылы шаралар қабылдадық, ендi оларды iске асыратын боламыз.
2003 жылдан бастап, перзенттiң дүниеге келуiне байланысты бiржолғы жәрдемақы төленiп келедi.
Биылғы жылдан бастап, бiз әлеуметтiк қамсыздандырудың идеологиясы барынша қарапайым үш деңгейлiк жүйесiн қалыптастыруға бағытталған әлеуметтiк реформаларды тереңдетудiң үш жылдық бағдарламасын iске асыруды қолға аламыз. Бiрiншiден, бұл мемлекет кепiлдiк беретiн негiзгi әлеуметтiк төлемдер. Екiншiден, бұл мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру. Ақыр аяғында, бұл кейiннен әлеуметтiк төлемдерге айналатын азаматтардың ерiктi жинақтаулары. Мiне, осындай үш бастау азаматтарымыздың қарттық кезеңiн лайығымен қамсыздандыруға тиiстi жағдай туғызады.
3.7. Тұрғын үй мәселелерi
Ендiгi бiр өзектi мiндет - тұрғын үй проблемасын жеделдете шешу . Баспананың болмайынша, түтiн түтетiп, бала өсiру қиын.
Үкiмет және барлық деңгейдегi әкiмдер жауапкершiлiктi өздерiне алып, қолдарынан не келетiнiн қазақстандықтарға көрсетсiн. Тұрғын үй құрылысы - бiздiң экономикамызды алға сүйреушi қуатты күш .
3.8. Рухани даму мен конфессиялар аралық келiсiм
"Мәдени мұра" бағдарламасын iске асыруды жалғастыра беру, сөйтiп өткендi пайымдау арқылы қазiргi заман мәдениетiн жан-жақты дамыту қажет.
Бiз осы саланы мемлекеттiк қолдаудың толымды бағдарламасын қалыптастыруымыз керек.
Бiз барша қазақстандықтарды бiрiктiрудiң басты факторларының бiрi - елiмiздiң мемлекеттiк тiлiн, барлық қазақтардың ана тiлiн одан әрi дамытуға бар күш-жiгерiмiздi жұмсауымыз керек.
Қазақ топырағы арқылы барлық әлемдiк дiндер өткен, сондықтан да жатырқаушылық немесе дiни фанатизм сезiмi бiзге жат. Осынау рухани дәстүр, Жаратушының қандай жолмен болса да түскен сөзiне жүрегiмiздiң ашықтығы - Қазақстандағы конфессиялар аралық татулықтың аса маңызды тұғырларының бiрi. Бiз өзiмiздiң жатсынбас тұрпатымызбен, этностар аралық, конфессиялар аралық татулығымызбен және өзара үндесуiмiзбен күллi әлемге танымалмыз. Елiмiздiң өсiп келе жатқан бiтiмгершiлiк әлеуетi алдағы уақытта да мұқият сақталып, дамытыла бередi .
3.9. Жоғарыда айтылған сөздердiң бүгiнгi күнi әрбiр
отбасы үшiн, әрбiр қазақстандық үшiн мәнiсi неде?
1. Биылғы жылдан бастап, бiз iс жүзiнде әрбiр отбасының мүддесiне игi ықпалын тигiзетiн 2005-2007 жылдарға арналған әлеуметтiк реформаларды одан әрi тереңдету бағдарламасын iске асыра бастадық.
2. Үстiмiздегi жылдан бастап, бiз жекелеген сырқаттар бойынша бес жасқа дейiнгi балаларды дәрi-дәрмекпен , ал жүктi әйелдердi - құрамында темiр мен йоды бар препараттармен амбулаториялық деңгейде тегiн қамтамасыз ететiн боламыз.
3. 2006 жылдан бастап , диспансерлiк есепте тұратын және амбулаториялық деңгейде жеңiлдiк шарттары қолданылатын балалар мен жасөспiрiмдердi дәрi-дәрмекпен тегiн қамтамасыз етуге көшуiмiз керек.
4. 2006 жылдан бастап , аз қамтылған отбасыларына 18 жасқа дейiнгi балаларына ай сайынғы жәрдемақылар төленуге, 4 және одан көп бiрге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы аналарға , "Алтын алқа", "Күмiс алқа" немесе I және II дәрежелi "Ана даңқы" белгiлерiмен марапатталған аналарға арнаулы мемлекеттiк жәрдемақылардың мөлшерi 4000 теңгеге дейiн көбейтiлуге тиiс.
5. Бiз нәрестенiң тууына байланысты бiр жолғы жәрдемақыларды қазiр де төлеп келемiз. Ендi соларға қосымша бұрын жоспарланғандай 2007 жылдан емес, 2006 жылғы 1 шiлдеден бастап, бiр жасқа дейiнгi сәбидi күту жөнiнде мемлекеттiк жәрдемақылар енгiзу қажет деп санаймын.
6. Биылғы 1 шiлдеден бастап, бiз барлық зейнеткерлерге, еңбек өтiлiне, жалақысы мен тағайындалған зейнетақысының мөлшерiне қарамастан, 3000 теңге мөлшерiнде қосымша негiзгi зейнетақылық төлем жасайтын боламыз. Осылайша ең төменгi зейнетақының мөлшерi негiзгi зейнетақылық төлеммен бiрге 9200 теңгенi құрайтын, ал зейнетақының орташа мөлшерi 12 мың теңгеден асатын болады.
7. Биылғы 1 шiлдеден бастап, бiз жоғары оқу орындары студенттерi , сондай-ақ орта кәсiптiк бiлiм беру ұйымдары оқушылары стипендияларының мөлшерiн 2 еседен астам өсiретiн боламыз.
8. Бiз ең лайықты деген жастардың шетелдерде бiлiм алуларына жәрдем жасаймыз. Жыл сайын үш мың үздiк студентке "Болашақ" бағдарламасының шеңберiнде әлемнiң iлгерi жоғары оқу орындарында бiлiм алулары үшiн республикалық бюджеттен қаражат бөлiнетiн болады.
9. Бiзде инженерлер мен технологтар бола алатын және болуды қалайтын дарынды жастар көп. Бiлiм беру гранттары мен кредиттерi - мемлекеттiң оларға көрсететiн нақты көмегi осындай. Жеке меншiк секторын мен осы iске белсене қатысуға шақырамын.
10. Коммерциялық банктердiң студенттерге таяудағы 5 жылда бөлетiн кредиттерiне мемлекеттiк кепiлдiк беру жүйесiн iске асыру үшiн қосымша 2 млрд. теңге, оның iшiнде биылдың өзiнде 600 млн. теңге бөлу қажет.
11. 2006 жылдан бастап мүгедектердiң барлық топтарына және жасына байланысты жәрдемақы алушыларға, сондай-ақ мемлекеттiк арнаулы жәрдемақы алушыларға мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақыларды қосымша 1000 теңгеге арттыру қажет деп санаймын. Биылдан бастап, бұл жәрдемақылардың едәуiр арттырылғаны мәлiм.
12. 2006 жылдан бастап, асыраушысынан айырылған 247 мың отбасына 300-ден 1000 теңгеге дейiнгi сомада қосымша қолдау жасау қажет.
13. Биылғы 1 шiлдеден бастап, бюджет саласының қызметкерлерi - мұғалiмдердiң, дәрiгерлердiң, мәдениет пен әлеуметтiк қамсыздандыру қызметкерлерiнiң жалақысын орта есеппен 32 пайыз көтеру қажет деп санаймын. Ал 2007 жылдан бастап орта есеппен 30 пайыз көтеру қажет.
14. Негiзiнен алғанда жалақы мемлекеттiк қана емес, жеке меншiк секторда да өсуге тиiс. Осыған орай биылғы 1 шiлдеден бастап, ең төменгi жалақы мөлшерiн 9200 теңгеге дейiн өсiру қажет.
15. Мемлекеттiк қызметшiлердiң , сондай-ақ бюджет саласының басқа да қызметкерлерiнiң жалақысын биылғы 1 шiлдеден орта есеппен 32 пайызға, ал 2007 жылдан бастап тағы да 30 пайызға көтеру , сөйтiп бiртiндеп оның мөлшерiн жеке меншiк секторына жақындата беру керек деп санаймын.
16. Ағымдағы жылы тұрғын үй құрылысы бағдарламасының ше